Отыз шумақ жыр...
Мен қазақтың қызымын қарапайым
Болашағым жиі емес, бірақ уайым.
Уайым дейтін сөзімнің түп-төркінін
Рұқсат болса өлеңмен баяндайын.
Ұлы жүзден Дулатпыз атағы бар,
Қазақта "ру" дегенге аса құмар.
Ұлттың жөні бір бөлек - ел намысы
Ең таза "қазақ қаны" аталынар.
Махаббат – өмір сыйы, тағдыр сыны,
Кейбіреуге ашылмай шымылдығы.
Жүрегім қалап сүйген таңдаулы жан
Жасырғаны көп екен, жұмбақ сыры.
Сансыз шүкір етуші ем мен Аллама,
Бағыма сіздей жанды байлағанға.
Ал қазір сол күндерді жек көрем ғой
Сезіммен ере берген айдағанға.
"Тым биік қарманыппын білмей" дейсіз,
"Өзім де түсіне алмай жүрмін" дейсіз.
Мен сізді өтейінші кінәламай
Шет жағасын шындықтың білдіргейсіз.
Сені ойлап сезім бақта сенделемін,
Сөздеріңе серігім шөлдегенмін.
Қолымнан ұстап тұрып кездескенде
"Ешқашан жібермеймін" деген едің.
Мен сендім әр сөзіңе ақ пейілмен,
Алдайды-ау деп ойламай жат пейілмен.
Сезіміңді суыттың маған деген
Сәттерім сиреп барад мұңсыз күлген.
Жолыңа сағыныштан жыр төседім,
Бейнеңмен санамдағы тілдесемін.
"Сен болмасаң қайтер ем" деуші едің
Енді сенсіз мен қалай күн кешемін?
Түсіме жиі кірдің сол күндерде,
Ұйқымды ұрлаған жан ақ түндерде.
Қалауымен жүректің бірге болу
Қонған екен мәңгілік бақ кімдерге?
Қамқоршым деп жүрген ем мен өзіңді,
Жауапсыз қалдырмайд деп бір сөзімді.
"Боранынан адамы бүгінгінің
Қауіпті" деп меңзеген бе ең сен өзіңді?
Болашақты бір көру арман ба еді,
Жақсы күндер елес боп қалған ба еді.
"Бере ме екен Керейге Дулат қызын"
Деген сөзің о бастан жалған ба еді?
Білесіз бе мен сіз деп неге жылайм,
Тәңірден қауышуды неге сұрайм.
Өміріме мән беріп қуантқансыз
Сізсіз қалған күндерден өлең құрайм.
Қимаймын, қия алмаймын басқа жанға,
Сәбидей сенем әлі тәтті арманға.
Баянды махаббатын қимайтындай
Тағдырым қиналтудан қайтпаған ба?
Әлсіз жерден басыпсыз тамырымды,
Ұлт намысы жоғары, әрі құнды.
Қазақ емес өзге ұлт боп шыққаныңа
Кінәлаймыз жарқыным бiздер кімдi?
Мен сенбеймін "өзге ұлтпын" дегеніңе,
"Ұлтың үшін бас тартад" дегенің бе?
Сезіміңе сенімді бола алмасаң
Басымды қатырудың керегі не?
Тең-теңмен деп тыңдапсыз біреулерден,
Қорықтыңыз мықтым-ау тағы неден?
Білемін ғой сіз өте жақсы адамсыз
Мен сізді шын ұнатып үлгерген ем.
Қоштасуға тауыпсыз жақсы сылтау,
Ұят тұрар қоршаулап темір құрсау.
"Ешқашан жалған айтпа" деуші еді Анам
Басыңа күн келсе де қиын-қыстау.
Естелікті мұң кешіп кезіп келем,
О бастағы сөзіңнен сезіктенгем.
"Аяқ асты тұтанған сезіміңіз
Аяқ асты қалмай ма сөніп" дегем.
"Сені ешқашан жылатпайм" деген едің
Әр сөзіңе имандай сене бердім.
Сөзіңе тұра алмадың айналайын
Мәңгілікке жылатып кете бердің.
Жаза берсем сезімім сарқылмайды,
Өзің жақтан жүрегім тың тыңдайды.
Басы тәтті басталған бұл сезімнің
Алмасарын кім білген артын қайғы.
Күз еді ғой бұл сезім басталғаны,
Жүректе мұң, жанардан жас тамады.
Шуағымен көктемнің ерісе екен
Өкініші сезімнің ақпандағы.
Мұңаюды білмеуші ең қашан көрсем,
Сондықтан күлуді де үйреттің сен.
Менің қайғым ешкімге керек емес
Бақытты деп ойласын күліп жүрсем.
Жүрегімде мәңгілік сақталасың,
Намысыңды жалған сөз таптамасын.
Болмасаң да алғашқы махаббатым
Екінші және соңғы боп қаласың.
Дараланып тұрасың маған көптен,
Жанарыңда жылылық орын тепкен.
Өмірде сүйген жанды біліп жүрші
Өзіңді ақ ниетпен, пәк жүрекпен.
Өзге ұлт жігіт қазаққа қорған болмас,
Бұйырмаса тағдырым жолдан алмас.
Ойланбай айтқан тамшы өтірігің
Мұхиттай сенімімді қорлай алмас.
"Ұмыт" дейсіз санамда тұрасыз да,
Ұмыту оңай емес ұғасыз ба.
Маған арнап ән айтшы деуші едіңіз
Отыз шумақ жыр жаздым, ризасыз ба?
Күлген көзге сіз деп мұң жасырынды,
Қалайша қияйын мен асылымды.
Соңғы рет бір кездесу бұйырмады
Өлеңмен ақтарамын бар сырымды.
Қайтемін, амалым жоқ, көндігемін,
Жүрегім жарылар кез келді менің.
Сондағы сенің айтқан соңғы сөзің –
"Мен сені жақсы көрмейм енді" дедің.
Кінәлайын кімдерді - бұл өмір ғой,
Айналайын, асылым, жүрегім сол.
Өмірде бағың жансын, жолың болсын!
Бақытты бол, Аман бол, тек Аман бол!
Өтінемін, ойланбай қадам баспа,
Іздеме, мейлі, мүлде хабарласпа.
Біз әлі кездесеміз жер дөңгелек
Біз әлі қауышамыз Алла жазса.
Жатталынсын жастардың санасына,
Айтайын бір сөзімді жан ашыра.
Жар болуға тиіссің қаракөзім
Басқа емес қазақтың баласына...
#АйнашСадуақас